Accessibility links

Иран Венадағы Сирия жайлы жиынға қатысады


Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф.
Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф.

Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф осы аптада Сириядағы жағдай жөнінде Венада өтетін халықаралық конференцияға қатысады. Жоспар бойынша, бұл кездесу қазанның 29-ы күні АҚШ, Ресей, Сауд Арабиясы мен Түркия арасындағы кеңесулерден басталады, ал жұма күні оларға Иран, Ирак, Египет, Ливан және өзге елдер өкілдері қосылмақ.

Бұған дейін, қазанның 27-і күні АҚШ ресмилері Австрия астанасында өтетін талқылауға «негізгі әріптестердің бәрі» қатысқаны жөн болатынын айтып, жиынға Иран да шақырылуы тиіс деп мәлімдеген. АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джон Кирби «Иран әзірше ондай әріптес болмағанымен» әріптеске айналуы мүмкін екенін жоққа шығармаған. Иранның IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігі Вашингтонның бұл мәлімдемесін АҚШ-тың Сирияға қатысты саясатындағы «естіліктің алғашқы нышаны» деп атаған.

Сол күні президент Башар Асадқа қарсы күресіп жатқан сириялық көтерілісшілер өкілі Тегеранның қатысуы Венадағы келіссөздерді күрделендіріп жіберуі ықтимал деген пікір білдірген. «Әл-Арабия» телеарнасына сұхбатында Сирия ұлттық коалициясының вице-президенті: «Иранның қатысуы кеңесулерді қиындатады... өйткені ол Асадты билік басында қалдыруды көздейтін жоба ұсынады» деп мәлімдеген.

Сирия жанжалын саяси реттеу жолын іздестіруге арналған халықаралық конференция қазанның 30-ы күні Венада басталуы тиіс.

XS
SM
MD
LG