«Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобын насихаттайтын бейнероликтерге түскен неміс рэппері Денис Касперт Сирияда әуе шабуылы барысында қаза тапқан. АҚШ билігі өкілдерінің айтуынша, ол басқа содарлармен бірге қазанның 16-сы күні мерт болған.
Германия астанасы Берлинде туып-өскен, кезінде Deso Dogg деген лақап атымен танымал рэппер болған Денис Касперт 2012 жылы ИМ қатарына қосылған. Былтыр қарашада түсірілген видеода оның «экстремистерге қарсы шыққаны үшін жазаланған» адамның кесілген басын қолына ұстап тұрған сәті бейнеленген. Бұрынғы рэпперді ақпан айында террористер тізіміне енгізген Вашингтонның мәлімдеуінше, Касперт ИМ қатарына жаңа мүшелерді, негізінен неміс тілінде сөйлейтін адамдарды тартумен айналысқан.
АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде: «Касперт – ИМ өз қатарына тартуды көздейтін шетелдік азаматтардың жинақтама образы. Өз Отанында қылмыстық іс-әрекетке қатысы бар бұл адамдар кейін Ирак пен Сирияға барып, одан да ауыр қылмыстар жасаған» делінген.