Accessibility links

Бішкек пен Душанбе шекара маңынан жер алмаспақ


Қырғызстанның Тәжікстанмен шекарасы маңындағы Кок-Таш ауылы. (Көрнекі сурет.)
Қырғызстанның Тәжікстанмен шекарасы маңындағы Кок-Таш ауылы. (Көрнекі сурет.)

Қырғызстан мен Тәжікстанның үкіметтік комиссия мүшелері екі ел арасында өзара айырбастауға ұсынылған шекара бойындағы жер телімдерін өлшеуге кірісті. Азаттыққа бұл туралы қырғыз үкіметінің Баткен облысындағы өкілетті уәкілдігі хабарлады.

Мемлекеттік тіркеу қызметінің сарапшылар тобы Кок-Таш ауылы маңында жұмыс істеп жатқаны айтылады. Жер телімдерінің өлшемі алынған соң жақын арада оның нәтижесі екіжақты комиссияға тапсырылмақ.

Бұған дейін Қырғызстан вице-премьері Абдрахман Маматалиев екі тараптың әрқайсысы 12 гектарға тең көлемдегі жер телімдерімен алмасатыны туралы хабарлаған. Келісім бойынша, Қырғызстан Кок-Таш ауылының жоғары жағындағы жер телімін, ал Тәжікстан жағы осы ауылдың төменгі жағында орналасқан автокөлік жолы бойындағы жер телімін алады.

Маматалиев екі тарап өзара алмасатын жер телімдері шахмат шаршыларына ұқсас орналасқандықтан тұрғындарға қиындық тудыратынын айтқан.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекараның жалпы ұзындығы - 970 километр. Бұған дейін көршілес екі мемлекет тек таулы аймақ арқылы өтетін 519 километр жерге қатысты ғана келісім жасасқан.

XS
SM
MD
LG