Түркияда ел азаматтары бүгін парламент сайлауына дауыс беріп жатыр.
Бұл Түркияда биылғы жылы осымен екінші рет өткізіліп отырған кезектен тыс сайлау. Маусым айында өткен сайлауда парламенттен орын алған партиялар коалиция құруға қатысты өзара мәмілеге келе алмаған соң, елде кезектен тыс парламент сайлауы тағайындалған.
Маусымдағы парламент сайлауында ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның «Әділет және даму» партиясы, 2002 жылы билікке келгеннен бері алғаш рет, парламентте басым орынға ие бола алмаған соң оппозициямен келіссөздер бастауға мәжбүр болған еді. Егер «Әділет және даму» партиясы осы жолғы сайлау нәтижесінде парламентте басым дауысқа ие болса, онда Ердоған Түркияны президенттік республикаға айналдыруды көздейтін конституциялық өзгерістерді жүзеге асыруға мүмкіндік алмақ дейді сарапшылар.
Түркияның 550 орындық парламентінде көпшілік орынға ие болғысы келген партия 276 мандат алуы тиіс. Кезектен тыс парламент сайлауына бұл жолы 16 партия және 21 тәуелсіз кандидат түсіп жатыр. Елде дауыс беру құқығына ие 56 миллион сайлаушы бар.
Соңғы айларда бірнеше шабуылдарды өткерген Түркияда сайлау кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 35 мың құқық қызметкері жұмылдырылған.
Қазанның 10-ы күні Анкарадағы террорлық жарылыстар салдарынан жүзден аса адам опат болған еді. Билік ол шабуылдарды «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы ұйымдастырған болуы мүмкін деп санайды.