Accessibility links

АҚШ: Airbus A321 іштен жарылуы мүмкін


Египетте апатқа ұшыраған Airbus A321 ұшағының бөлшегі. 1 қараша 2015 жыл.
Египетте апатқа ұшыраған Airbus A321 ұшағының бөлшегі. 1 қараша 2015 жыл.

Спутниктен түсірілген суреттер Египеттің Синай түбегінде апатқа ұшыраған ресейлік жолаушылар ұшағын зымыран атып түсірді деген болжамды терістейді деп мәлімдеді АҚШ билігі.

NBC News-тің хабарлауынша, АҚШ билігі өкілдері спутниктердің инфрақызыл сәулелері арқылы ұшақ апатқа ұшыраған аумақта және оқиға болған кезде ыстық жалынды түсіріп алғанын айтып, ұшақ ішінен бомба немесе жанармай багының жарылуынан қирады деген болжам жасаған.

"Әлдебір жарылыс болып, ұшақ өте биікте бөлшектеніп кетті" деген АҚШ билігі өкілдерінің бірі дегенмен ұшаққа зымыран тигеніне ешқандай дәлел жоғын айтқан.

Америкалық шенеуніктің сөзінше, ұшаққа зымыран атылса онда оның соңынан шыққан түтіні спутникке түсіп қалған болар еді.

Ресейдің Metrojet әуе компаниясының Airbus A321 ұшағы 31 қазанда Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласынан Санкт-Петербургке ұшып шыққаннан ұзамай апатқа ұшырап, борттағы 224 адамның барлығы қаза тапқан. "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының Египеттегі бөлімі ұшақты "Ресейдің Сириядағы әуе шабуылдарынан кек алу үшін атып түсіргенін" мәлімдеген. Бірақ Египет билігі мұны жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG