АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри көршілес Ауғанстанда исламшыл содырлар белсенділігінің артуына байланысты алаңдай бастаған Тәжікстанды Вашингтонның "Орталық Азия аймағының қауіпсіздігін бекем етуден айнамайтынын" айтып, тыныштандыруға тырысты.
Керри бүгін Душанбеде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесуден соң "АҚШ-тың Тәжікстанмен және басқа да елдермен шекарадағы қауіпсіздікті күшейту міндетіне адал екенін білдіргенін" айтты.
Орталық Азия елдеріне сапары аясында бұған дейін Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстанда болған Керри енді Ашғабадта Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездеседі.
2 қарашада Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен Керри Назарбаевты ислам экстремизмімен күрестегі "жетекші рөлі" үшін мақтаған. Бірақ АҚШ мемлекеттік хатшысы терроризммен күрес демократия мен еркін және өзгеше ойлауды басып-жаныштау үшін қолданылмауы тиіс екенін ескерткен.