Accessibility links

Назарбаев Парижде Олландпен кездесті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Франция президенті Франсуа Олланд. Париж, 5 қараша 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Франция президенті Франсуа Олланд. Париж, 5 қараша 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парижде Франция президенті Франсуа Олландпен кездесіп, бірнеше құжатқа қол қойды.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5 қарашада Елисей сарайында өткен кездесуде президенттер екіжақты ынтымақтастық пен кейбір халықаралық өзекті мәселелерді талқылаған. Кездесуде Назарбаев Францияны Қазақстанның маңызды әріптестерінің бірі деп атап, екі ел арасында экономика мен саяси мәселелер бойынша «толық өзара түсіністік орнағанын» айтқан.

Кездесу қорытындысында екі ел президенттері бірлескен декларацияға қол қойған. Сонымен бірге Қазақстан инвестиция және даму министрлігінің аэроғарыш комитеті мен Францияның ғарыштық зерттеулер ғылыми институты арасындағы ғарыш саласында ынтымақтастықты дамыту туралы декларацияға, екі елдің білім және ғылым министрліктері арасындағы бірлескен декларацияға қол қойылған.

Назарбаев Парижге ресми сапармен қарашаның 4-і күні барған.

Қазақстанның мұнай, тау-кен, энергетика мен басқа да салаларында француздық 130 компания жұмыс істейді. Францияның соңғы он жылда Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 12 миллиард доллардан асқан.

XS
SM
MD
LG