Accessibility links

Қостанайда Синайдағы А321 апаты құрбандарын еске алды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қостанайда бүгін бірнеше ондаған адам Египеттегі ресейлік жолаушылар ұшағы апатының құрбандарын еске алу шарасын өткізді деп хабарлайды Tengrinews сайты.

Қостанайдағы православ шіркеуінің маңында өткен шараға қатысушылардың көпшілігі отбасы мүшелерімен бірге келген. Олар өздерімен бірге әкелген гүл шоқтары, шырақтар мен ойыншықтарды шіркеу маңындағы орындықтарға қойып, әуеге шарлар ұшырған. Бұл шараға Қостанаймен бірге Рудный қаласынан және жақын маңдағы ауылдық жерлерден де адамдар қатысқан.

31 қазанда Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласынан Санкт-Петербургке бара жатқан Ресейдің «Когалымавиа» әуе компаниясына тиесілі Airbus A321 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, ондағы 224 адам түгел қаза тапқан.

Синай түбегіндегі ресейлік ұшақ апатын тексеру үшін Египет құрған комиссия жетекшісі Айман әл-Мукаддам жұма күні Каирде өткізген баспасөз мәслихатында «қара жәшікте» апаттың соңғы секундтарында болған қатты шу жазылып қалғанын айтқан.

Бұған дейін АҚШ және Ұлыбритания барлау қызметтері, өздері анықтаған экстремистер хабарламаларын сараптау негізінде, ресейлік Airbus A321 жолаушылар ұшағында бомба жарылған болуы мүмкін деген болжам айтқан еді. Бірақ Мәскеу ондай болжамдарды қабылдамайтынын мәлімдеген. Ұшақ апатына қатысты тергеу жалғасып жатыр.

XS
SM
MD
LG