АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Вашингтонның Сирия президенті Башар Асадтың билікте қалу мәселесіне байланысты ұстанымы Ресей және Иранның ұстанымына қайшы болып қала беретінін мәлімдеді.
14 қарашада Венада өтетін Сирия жөніндегі келіссөз қарсаңында Вашингтондағы бейбітшілік институтында сөйлеген Керри Асад билікте қала берсе, Сирияда «бейбітшілік те орнамайтынын» және «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы да күйремейтінін» айтқан. Оның сөзінше, «билік нақты ауыспайынша төрт жылға созылған соғыс аяқталмайды».
«Біз Ресеймен және Иранмен Асад және оның рөлі туралы әлі сөйлесіп жатырмыз. Бұл мәселе әлі шешімін таппағанын мойындаймыз. Бірақ біз және серіктестеріміз алда жол табамыз деп сенемін» деген Керри.
Сириядағы жағдай жөнінде Венада өтетін келіссөздерге 17 мемлекет пен үш халықаралық ұйымның өкілдері қатыспақшы.
Иран мен Ресей соңғы уақытта Асадқа қолдауын күшейткен. Мәскеу қыркүйектің соңында Асад әскерінің «Ислам мемлекеті» ұйымы мен басқа да исламшыл содырларға және Сириядағы оппозициялық топтарға қарсы күресте әскери күштерімен қолдау көрсете бастаған.