Accessibility links

Полиция: Алматыда алып қашқан қызды босатты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Алматыда белгісіз адамдар алып қашқан колледж студенті Айсел Байрамова үйіне қайтарылды деп хабарлады бүгін жергілікті агенттіктер.

12 қарашада Алматыдағы мемлекеттік сервис және технология колледжінің алдында осы колледж студенті, 17 жастағы Байрамованы бір топ адамның күштеп көліккке отырғызып әкеткені туралы видео таралған еді.

Бұл оқиғадан соң полиция жедел іздестіру шараларына кірісіп, қызды алып қашқандардың кім екенін анықтағанын хабарлаған.

Қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция күдіктінің туыстарымен сөйлесіп, қызды өз еркімен босатуға көндірген соң Байрамова бүгін таңертең үйіне қайтарылған. Полиция қыз күдіктіге қатысты арыз-шағым білдіруден бас тартқанын айтады.

Департамент қазір оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатқанын, бірақ күдікті ұрланған адамды өз еркімен қайтарса және іс-әрекетінде қылмыс белгісі жоқ болса онда қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын айтады.

Қазақстанда бұған дейін де қыз алып қашу жайлы бірнеше видео тарағанымен, мұндай оқиғалар көбіне жұртқа тарала бермейді.

XS
SM
MD
LG