Париждегі терактілерді қылмыскерлер үш топқа бөлініп жасаған. Бұл туралы Париж прокуроры Франуса Молен мәлімдеді.
«Біз олардың қайдан келгенін, оларды кім қаржыландырғанын анықтауымыз керек» деген ол журналистерге.
Прокурор мұздай қаруланған терроршылардың әрқайсы денесіне жарлығыш зат – «шаһид белдігін» тағып алып шабуылдағанын айтты. Шабуыл жасаған жеті адам түгел өлген: алтауы өз-өзін жарып жіберсе, біреуі полицияның оғына ұшқан. Қылмыскерлер 40 минуттың ішінде алты шабуыл жасаған. Бұған дейін тараған ақпараттарда терактілерді сегіз адам жасаған деп хабарланған еді.
Прокурор Моленнің айтуынша, жұма күнгі шабуылдардан қаза тапқандар саны 129 адамға жеткен. Терактілер кезінде жараланған 352 адамның 99-ның жағдайы ауыр екені хабарланды.
Француз полициясы Париждегі шабуылдарға күдікті екі адамның бұған дейін Грекияда сириялық босқындар ретінде тіркелгенін анықтаған. Оларға іздеу жарияланды.
Франция террорлық шабуылдардан қаза тапқандарды үш күн аза тұтатынын жариялады.