Accessibility links

ОҚО: Мақта теру кезінде оқушылардың сабаққа келмегені анықталған


Оңтүстік Қазақстан облысындағы мақта алқабында жүрген бозбала. Қыркүйек 2015 жыл.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы мақта алқабында жүрген бозбала. Қыркүйек 2015 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында мақта теру науқаны кезінде оқушылардың сабаққа келмегені үшін он мектеп директорына шара қолданылды деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Білім мекемелерінің басшыларына, атап айтқанда А.Фердоуси атындағы орта мектеп директоры Қ.Басиевке "қатаң сөгіс", М.Тұрсын Заде атындағы №38 орта мектеп директоры З.Узаковаға "сөгіс", Асыл Мұра орта мектеп директорының міндетін атқарушы А.Жораеваға "сөгіс", қалған мектеп басшыларына "ескерту" түріндегі тәртіптік шаралар көрілді" деп хабарлайды әкімдік.

Ал А.Навои атындағы орта мектеп директоры К.Нуфтуллаевтың бұған дейінгі алған тәртіптік шаралары ескеріле отырып аудандық білім бөлімінің кезекті кеңесінде қызметіне сәйкес еместігі қаралмақ.

Баспасөз қызметі сонымен бірге оқушылар мен ата-аналар арасында заң талаптары аясында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын да айтты.

«Облыс басшысы Бейбіт Атамқұлов Мақтарал ауданына қарасты жалпы орта мектепте болған жағдайды өзі назарға алып, қатаң бақылайды» дейді әкімдік.

Оңтүстік Қазақстан облысы білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы өзін-өзі тану және балалардың құқығын қорғау бөлімінің басшысы Ғалия Жүсіпованың Азаттыққа айтуынша, мақта науқаны кезінде оқушылардың сабақта болмағаны үшін жауапты адамдарға шара көрілген. «Енді Мақтарал аудандық білім бөлімі тарапынан алдын-алу жұмыстары жүргізілу керек» деді ол.

Мақтарал ауданының прокурорлары қазан айының 20-27 күндері аудандағы он мектепте оқушылардың сабаққа қатысу барысын тексеріп, 400 оқушының сабақта болмағанын, оқушылардың басым бөлігі мақта алқабында жүргенін анықтағанын хабарлаған еді.

XS
SM
MD
LG