Accessibility links

Қазақстанда төрт адамды "саяси тұтқын" деп таныды


Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп тапқан белсенділердің бірі Ермек Нарымбаев.
Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп тапқан белсенділердің бірі Ермек Нарымбаев.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Қазақстандағы "саяси тұтқындардың" жаңартылған тізімін жариялады. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның Facebook-те хабарлауынша, 16 қарашада бірнеше құқық қорғаушы мен заңгерден тұратын сарапшылар кеңесі Қазақстандағы саяси тұтқындар қатарына абақтыда қамауда отырған үш белсенді - Ермек Нарымбаев, Серікжан Мәмбеталин, Болатбек Біләлов және діни алауыздықты қоздырды деген айыппен сотталған Сәкен Тұлбаевты қосқан.

Нарымбаев, Мәмбеталин және Біләлов қазір тергеу абақтысында отыр. Оларға қылмыстық кодекстің 174 бабының 2 тармағы бойынша («әлеуметтік, ұлттық алауыздық тудыратын қасақана әрекеттерді қоғамдық бірлестік жетекшісі бола отырып және ақпарат құралдарын пайдаланып жария түрде жасау») айып тағылған.

Сәкен Тулбаев биыл шілдеде Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» діни ұйымына қатысы бар және "діни араздықты өршітті" деп танылып, 4 жыл 8 айға сотталған. Құқық қорғаушылар бұл азаматтарға қарсы қозғалған істің "саяси астары бар" деп санайды.

Қазақстанда алғашқы саяси тұтқындар тізімі 2013 жылы жасалған. Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандар қатарында оппозициялық саясаткер Владимир Козлов, ақын әрі диссидент Арон Атабек, "Қазатомөндіріс" компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев, Алматыдағы қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры Саят Ибраев, құқық қорғаушы Вадим Курамшин бар.

XS
SM
MD
LG