Алматыда 18 қарашаға қараған түні екі балдық (МSК-64 шкаласы бойынша) жер сілкінісі сезілді деп хабарлайды Қазақстан білім және ғылым министрлігінің сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік орталығы.
17 қарашада Астана уақыты бойынша сағат 23:29-да тіркелген жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 430 километрде, Қырғызстан аумағында болғаны хабарланды.
Жерасты дүмпуі Қазақстанның Шымкент, Тараз қалалары мен Жамбыл облысының кейбір елді мекендерінде сезілген. Жер сілкінісінен зардап шеккендер туралы мәлімет түскен жоқ.