Accessibility links

БҰҰ: Терактіге босқындарды жазғырмасын


Теракт құрбандарын еске алу сәті. Париж. (Көрнекі сурет).
Теракт құрбандарын еске алу сәті. Париж. (Көрнекі сурет).

«Париждегі терактіге бола босқындарды айыптамау керек» деп мәлімдеді БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасының баспасөз хатшысы Мелисса Флеминг Женевада өткен баспасөз мәслихатында.

Ол Еуропаға келгендердің көбі қысым мен қудалаудан қорған іздеген адамдар екенін еске салды. «Көбі экстремизм мен терроризмнен қашады. Олар сол Париждегі шабуылға қатысы бар адамдардан бас сауғалап қашады» деді Флеминг.

Оның сөзінше, БҰҰ өкілдігі «Париждегі шабуылдарға қатысушылардың бірі Еуропаға босқын мигранттармен бірге келуі мүмкін» деген «анықталмаған мәлімдемеге» алаңдаулы.

Парижде 13 қарашада болған терактілер салдарынан қаза тапқандар саны 132 адамға, жараланғандардың саны 352-ге жеткен.

14 қарашада Ирак пен Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) діни ультра-радикалдық тобы интернетте Франция астанасындағы шабуылдарды мойнына алатыны туралы мәлімдеме таратқан. Топ бұл шабуылдарды «Мұхаммед пайғамбарды қорлағаны және ИМ территориясына әуе соққыларын жасағаны үшін кек алу» деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG