Accessibility links

Малидегі шабуылда алты ресейлік мерт болған


Мали астанасы Бамакодағы Radisson Blu мейманханасы.
Мали астанасы Бамакодағы Radisson Blu мейманханасы.

Ресейдің «Волга-Днепр» әуе компаниясының алты қызметкері 20 қарашада Малиде қарулы содырлар кепілге адам алған оқиғада қаза тапқан. Бұл туралы сенбі күні хабарлаған Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың сөзінше, әлгі алты адамды экстремистер қонақүй мейрамханасында өзге адамдармен бірге атып өлтірген.

Кейін кепілден босатылған жүзден астам адамның арасында тағы алты ресейлік азамат бары хабарланды.

Мали полициясы шабуылға қатысқан үш күдіктіні іздестіріп жатыр. Бұл оқиғаға байланысты екі жүзден аса адам ұсталған.

Мали билігінің хабарлауынша, қонақүйге шабуыл салдарынан 21 адам қаза тапқан. Шабуылға қатысқандардың екеуі оққа ұшқан деп хабарланды.

Ел астанасы Бамакодағы Radisson Blu мейманханасын жұма күні оншақты қарулы содыр басып алып, қонақүйге түскен және онда жұмыс істейтіндерді – жиыны 170 адамды кепілге алған. Олардың көпшілігі шетел азаматтары болған. Бұл шабуылға жауапкершілікті «Әл-Қаида» террорлық ұйымымен байланысы бар экстремистік топ мойнына алған.

Мейманханаға шабуылдан соң Малиде үш күндік аза тұту жарияланып, он күн мерзімге төтенше жағдай енгізілді.

XS
SM
MD
LG