Accessibility links

Бангладештік екі оппозиционерге өлім жазасы орындалды


Сот ғимаратын күзетіп тұрған Бангладеш полициясының жасағы. Дакка, 2 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)
Сот ғимаратын күзетіп тұрған Бангладеш полициясының жасағы. Дакка, 2 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Бангладеште 1971 жылдың наурызынан желтоқсан айына дейін жалғасқан тәуелсіздік үшін соғыс кезіндегі әскери қылмыстары үшін өлім жазасына кесілген оппозицияның екі жетекшісіне шығарылған сот үкімі орындалды.

Бангладеш әділет министрінің AFP агенттігіне мәлімдеуінше, Бангладеш ұлтшылдар партиясының лидері Салахуддин Кадер Чаудри мен Жамаат-е-Ислами партиясының бас хатшысы Али Ахсан Мохаммад Муджахид жергілікті уақытпен 22 қарашаға қараған түні ел астанасы Даккадағы орталық түрмеде дарға тартылған.

Геноцид, азаптау және зорлау қылмыстарына айыпты деп танылған екеуіне 2013 жылы сот өлім жазасын шығарған. Сот процесі барысында екеуі де өздеріне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.

Қарашаның 18-і күні Бангладеш жоғарғы соты өлім жазасы туралы үкімді күшінде қалдырған. Ал кеше, 21 қарашада Бангладеш президенті Абдул Хамид сотталған екеуіне рақымшылық жариялаудан бас тартқан.

Бангладеште ықпалды саясаткерлердің бірі болған Чоудхури бірнеше рет парламент мүшесі болып сайланған. Муджахид болса үкіметте министрлік қызмет атқарған.

XS
SM
MD
LG