Accessibility links

Ердоған: С-400-бен Түркия ұшағын ату - басқыншылық


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған егер Сирия әуе кеңістігін бұзған ұшақты Ресейдің зениттік зымыран кешені көмегімен атып түсірсе, Анкара оны «басқыншылық» деп қабылдайтынын мәлімдеді. Бұл жайлы ол CNN телекомпаниясына берген сұхбатында айтты.

Ердоған бұған қоса оқиғаның бұлайша өрбуі әбден мүмкін деп ойлайтынын да айтып, ондай жағдайда Түркия «бірден шаралар қолданатынын» ескертті. Бірақ ол нақты қандай шаралар екенін ашып айтпады.

Түркия президенті Анкараның аймақта жағдай шиеленіскенін қаламайтынын тағы да қайталаған. Оның сөзінше, бұған жауапкершілік Сирия жағына шыққандарға артылмақ.

Бұған дейін Түркия президенті өз елі әуе кеңістігін бұзған ұшақты атып түсіргені үшін кешірім сұрамайтынын мәлімдеген. «Кешірімді біз емес, басқа тарап сұрауы тиіс» деген Ердоған. Түркиядан кешірім сұрауды Ресей президенті Владимир Путин талап еткен.

Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу британиялық Times басылымында жарияланған мақалада Анкара Су-24 ұшағын атып түсіргеннен кейін Мәскеумен қатынасындағы шиеленісті бәсеңсітуге тырысатынын және ол бойынша жұмыс жасайтынын жазған.

Ресей билігі 24 қарашада Түркия қарулы күштерінің ресейлік Су-24 ұшағын атып түсіруін «ту сыртынан соққы жасау» және «басқыншылық» деп атап, Түркияға қатысты шектеу шараларын қолға алып жатқанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG