Accessibility links

Түркия қаза тапқан ұшқыш сүйегін Ресейге бермек


Ресей қорғаныс министрлігі ғимараты жанына қойылған әскери ұшқыш, подполковник Олег Пешковтың суреті. Мәскеу, 26 қараша 2015 жыл.
Ресей қорғаныс министрлігі ғимараты жанына қойылған әскери ұшқыш, подполковник Олег Пешковтың суреті. Мәскеу, 26 қараша 2015 жыл.

Түрік әуе күштері атып түсірген ресейлік Су-24 бомбалаушы ұшағының ұшқышы Олег Пешковтың сүйегі Түркияға әкелінген, енді бүгін оны Ресей тарапына береді. Бұл туралы баспасөз құралдарына Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу хабарлаған.

Пешковтың денесі ресейлік дипломаттарға жексенбі, 29 қарашада берілетіні туралы Түркиядағы Ресей елшілігінің өкілі ТАСС агенттігіне айтқан.

Ресейлік Су-24 бомбалаушы ұшағын басқарған подполковник Олег Пешков қарашаның 24-і күні Түркиялық әуе күштері атып түсірген ұшақтан парашютпен секіргенімен, жерден атылған оқтан қаза тапқаны хабарланған еді. Ал онымен бірге ұшақта болған штурман Константин Мурахтинді Сирияның үкімет әскері іздеп тауып, жаралы капитанды Ресей тарапына берген.

Апатқа ұшыраған әскери ұшақ экипажын құтқаруға барған ресейлік тікұшақ нысанаға алынып, онда болған әскери теңізші Александр Позынич қаза тапқан. Ресей президентінің жарлығымен Олег Пешковке «Ресей батыры» атағы, ал Константин Мурахтин мен Александр Позыничке «Ерлік» ордені берілген.

Сенбі күні Ресей президенті Владимир Путин Түркияға қарсы санкциялар салу туралы жарлыққа қол қойған. Оның алдында Мәскеу Анкарамен әскери саладағы барлық байланыстарын тоқтатқан. Ресей алдағы жылдың басынан Түркиямен визасыз қатынасты доғаратынын жариялаған.

Түркия әуе күштерінің 24 қарашада Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсіруі екі елдің арасындағы жағдайды ушықтырып жіберді. Түркия әскерилері ресейлік ұшақтың «елдің әуе кеңістігін бұзып, ескертуді елемегенін» мәлімдеген. Бірақ Мәскеу ол ұшақтың «Сирия аумағындағы әуе кеңістігінде жүргенін» айтып, Түркия шекарасын бұзғанын жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG