Accessibility links

Мәліковті "сабағандардың" Түркияда ұсталғаны хабарланды


Қадыр Мәліковке қастандық жасамақ болды деген күдіктілер.
Қадыр Мәліковке қастандық жасамақ болды деген күдіктілер.

Қырғызстанда дінтанушы Қадыр Мәліковке шабуыл жасаған күдіктілер Түркияның Сириямен шекарасына жақын тұста ұсталды деп хабарлады ішкі істер министрлігіне сілтеме жасаған Азаттықтың Қырғыз редакциясы. Министрліктің ресми өкілі Бакыт Сеитовтің айтуынша, күдіктілер Түркияның Сириямен шекарасына жақын Газиантеп қаласында ұсталған.

Бұған дейін Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) баспасөз қызметі Мәліковке шабуылды "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының жақтастары жасады деп мәлімдеді .

МҰҚК-нің мәліметінше, 26 қарашада діни экстремизмді сынап жүрген Мәліковті соққыға жығуға қатысы бар деген күдікпен екі адам ұсталған. Кеше ұсталғандар тұратын үйде тінту жасалып, экстремистік мазмұндағы әдебиеттер, қару мен оқ-дәрі, табылған.

Болжам бойынша, Мәліковке шабуылды Әлібек Тілекұлы мен Ырыскүл Бейшеналиева жасаған. Анықталған мәліметтерге қарағанда, бұл екі адам 27 қарашаға қараған түні қастандық жасаған соң Қазақстанға өтіп кетіп, одан ары Түркияға ұшып кеткен. Оларға халықаралық іздеу жарияланған.

Мәліковке шабуыл 26 қараша күні кешке оның үйіне жақын дүкен жанында жасалған. Милицияның алдын ала ақпараты бойынша, Мәліков дүкеннен шығып көлігіне бармақ болған. Бірақ дүкеннің алдын қара түсті BMW көлігі жауып тұрған. Мәліков көлікті алуды сұрағанымен, иелері бас тартқан. Бұдан соң Мәліков соққыға жығылып, қылмыскерлер оның беті мен қолын пышақпен кескен. Дінтанушы ауруханада жатыр. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Дінтанушы Қадыр Мәліков - "Дін, құқық және саясат" орталығының жетекшісі.

XS
SM
MD
LG