Ердоған Путиннің "Түркия "Ислам мемлекеті" (ИМ) террористік ұйымынан мұнай сатып алып отыр" деп мәлімдеуін және соны "дәлелдейді" деп бір құжаттар көрсетуін "қабылдауға болмайтын, арсыз" мәлімдеме санайтынын айтты.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған дүйсенбі күні Түркия үкіметінің Ресей санкцияларына қарсы шаралар қабылдамас бұрын "сабырмен һәм эмоциясыз" әрекет ететінін мәлімдеді.
Ердоған журналистердің Ресей санкцияларына Түркия қалай жауап беретінін сұрағанда "Сабырмен һәм эмоциясыз әрекет етеміз" деп мәлімдеді. Ердоған бұл сөзін Париждегі климат өзгеруімен күрес саммитінің дәліздерінен жүргізген CNN Turk телеарнасының тікелей эфирінде айтқан. Әзірге Ердоған мен Путиннің Парижде кездесуі туралы келіссөздер нәтиже бермей тұр.
Мәскеу бұдан сәл бұрын Түркияның ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға тыйым салатынын жариялаған. Ал Түркия Ресеймен байланыстарын сақтауға тырысып отыр. Ресей - Түркияның негізгі энергия жеткізушісі. Ердоған Мәскеуді "стратегиялық әріптес" ретінде санайды.
Ердоған Путинмен кездесу туралы сұраққа "Үзілмеген бір жіп қалса, біз содан ұстаймыз. Ал Ресей қалай әрекет ететінін білмеймін" деген.
Түрік ресми өкілдері Ресейдің Су-24 ұшағын атып түсіру себептерін әскери ұшақтың мемлекеттің әуе кеңістігін бұзғанымен, Ресей ұшқыштарының ескертуді елемегенімен түсіндірген. Мәскеу ұшағының Сирия аумағында болғанын айтады. Ресей ұшақтары Сирия президенті Башар Асадты қолдау операциясын жүргізіп жатыр.