Accessibility links

МАГАТЭ: Иран кезінде атом қаруын жасауға талпынған


МАГАТЭ басшысы Юкия Амано.
МАГАТЭ басшысы Юкия Амано.

Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) өкілдері Иран кемінде 2003 жылдың соңына дейін ядролық қару жасауды жоспарлап, базалық тәжірибелер жүргізген деген байлам жасады.

МАГАТЭ 2 желтоқсанда жариялаған есебінде «үйлестірілген жұмыстың» көп бөлігі 2003 жылдан кейін тоқтап, тек кейбір зерттеулер ғана 2009 жылдың соңына дейін жалғасқаны айтылады. Соңғы он жылда халықаралық агенттік Иран ядролық қару жасаумен айналысты деген күдікті зерттеуге тырысқан. Тегеран бұл айыпты үнемі жоққа шығарып келген еді.

МАГАТЭ сарапшылары Иран ядролық қару жасауда «ғылыми зерттеу жүргізу және белгілі бір техникалық машық пен мүмкіншіліктерден ары аса алмағанын» айтады. Агенттік есебінде Иранның 2009 жылдан кейін атом бомбасын жасаумен айналысқанын айғақтайтын сенімді фактілер жоғы айтылған.

МАГАТЭ есебі Иранға салынған экономикалық санкцияларды алып тастауда маңызды рөл атқарады. Шілдеде әлемдік державалар Тегеранмен Иранның ядролық бағдарламасын шектеуді көздейтін келісім жасасқан. Иран ядролық бағдарламасын шектесе, ол елге салынған экономикалық санкциялар да жойылмақ.

15 желтоқсанда МАГАТЭ кеңесінің жиынында агенттіктің Иран туралы есебі талқыланады.

XS
SM
MD
LG