Accessibility links

Назарбаев пен Путин Украина жайын талқылады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин.

Ақорда 4 желтоқсан күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің телефон арқылы сөйлескенін хабарлады.

«Мемлекеттер басшылары әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жайттарын, сондай-ақ бірқатар өзекті өңірлік және халықаралық, соның ішінде халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың бірыңғай әлемдік желісін құру мәселелерін талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Мәскеуде Еуразиялық экономикалық одақ пен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында өтетін кездесулерге дайындық барысын да қарастырды» делінген хабарламада.

Сонымен бірге Қазақстан мен Ресей басшылары «Украинадағы ахуал жөнінде пікір алмасып, дағдарыс тек бейбіт жолмен тезірек реттеледі деп үміттенетіндерін» білдірген.

Ал Ресей президентінің ресми сайтындағы (kremlin.ru) ақпаратта «телефон әңгімесі Қазақстан тарапының ұсынысымен болғаны» айтылған.

Ресей жағы «халықаралық, аймақтық өзекті мәселелерді, солардың қатарында террористік және экстремистік ұйымдарға, оның ішінде ең алдымен «Ислам мемлекеті» тобына қарсы күресу үшін кең ауқымды коалиция құру мәселесі» екі президенттің телефон арқылы әңгімесінде сөз болғанын хабарлаған.

Сонымен бірге, 21 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық жоғарғы кеңесінің отырысына дайындық аясында Украина мен Еуропа Одағы ассоциациясы туралы келісімнің күшіне енетін экономикалық бөлігі жайлы тақырып да қозғалды деп хабарлайды Ресей президентінің сайты.

XS
SM
MD
LG