АҚШ федералдық тергеу бюросы (FBI) Калифорния штатындағы Сан-Бернардино қаласында болған атысты теракт ретінде қарастырады. Бұл туралы тергеу мекемесінің Лос-Анжелестегі бөлімшесі директорының көмекшісі Дэвид Баудич мәлімдеген.
FBI өкілінің айтуынша, Сан-Бернардинодағы атысқа күдіктілердің бірі Ташфин Малик «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы жетекшісіне адал болуға ант еткені туралы мәлімдемесін Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялаған. Бұған қоса, FBI тергеушілері 27 жастағы Ташфин Малик пен оның 28 жастағы күйеуі Саид Фаруктың АҚШ арнайы қызмет органдары жүргізіп жатқан басқа істер бойынша күдікке ілінген адамдармен телефон байланыстары болғанын анықтаған.
Сан-Бернардинодағы әлеуметтік жәрдем орталығына шабуыл мұқият жоспарланып жасалған дейді Дэвид Баудич. Тергеушілердің долбары бойынша, Малик пен күйеуі тағы бір шабуыл ұйымдастырмақ болған.
Алайда, АҚШ федералдық тергеу бюросындағы аты-жөндерін атамаған дереккөздер Reuters агенттігіне Калифорниядағы атысқа күдіктілер мен ИМ арасында байланыс болғанына бұлтартпас дәлелдер жоқ екені туралы айтқан. Саид Фаруктың АҚШ арнайы қызметі назарына ілінгендер арасында болмағаны айтылады.
Бұған дейін бейсенбі күні полициямен атыста Малик пен Фарук оққа ұшқаны туралы ақпарат тараған. АҚШ тергеушілері 2 желтоқсанда Сан-Бернардинодағы мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін орталықта 14 адамды мерт қылып, 20-дан аса адам жаралы еткен қарулы шабуылға ерлі-зайыпты осы екеуін күдікті санайды. Тінту барысында олардың үйінен үш мың данадан астам қару оғы, қолдан жасалған 12 жарылғыш зат пен оны жасауға арналған жүздеген бөлшек табылған деп хабарланды.