Accessibility links

ИМ тобы АҚШ-тағы шабуылды мойнына алды


Полиция шабуыл жасаушыларды ұстау операциясы кезінде. Сан-Бернардино, АҚШ, 2 желтоқсан 2015 жыл.
Полиция шабуыл жасаушыларды ұстау операциясы кезінде. Сан-Бернардино, АҚШ, 2 желтоқсан 2015 жыл.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы АҚШ-тың Сан-Бернардино қаласында жасалған қарулы шабуылға жауапкершілікті мойнына алатынын мәлімдеп, интернет арқылы радиоүндеу таратты деп хабарлайды Reuters.

Бұған дейін АҚШ федералдық тергеу бюросының (FBI) Лос-Анжелестегі бөлімшесі директорының көмекшісі Дэвид Баудич өз әріптестері Сан-Бернардинодағы атыс оқиғасын «теракт» ретінде қарастыратынын мәлімдеген еді.

АҚШ тергеушілері 2 желтоқсанда Калифорния штатындағы Сан-Бернардино қаласында мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін орталықта 14 адамды мерт қылып, 20-дан аса адам жаралы еткен қарулы шабуылға ерлі-зайыпты 27 жастағы Ташфин Малик пен оның 28 жастағы күйеуі Саид Фарукты күдікті санайды.

FBI дерегінше, Ташфин Малик «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы жетекшісіне адал болуға ант еткені туралы мәлімдемесін Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялаған. Сондай-ақ, тергеушілер АҚШ арнайы қызмет органдары жүргізіп жатқан басқа істер бойынша күдікке ілінген адамдармен Малик пен Фаруктың телефон байланыстары болғанын анықтаған.

Бұған дейін, бейсенбі күні полициямен атыста Малик пен Фарук оққа ұшқаны туралы ақпарат тараған.

XS
SM
MD
LG