Италия Ресейге салынған экономикалық санкцияларды Еуропа Одағы (ЕО) елдері елшілерінің автоматты түрде созуының орнына талқылауға салуды талап етті. ЕО елшілері 9 желтоқсанда санкцияға қатысты жиын өткізген.
Елшілер бұл кездесуде 2016 жылдың қаңтарында аяқталатын Ресейге қарсы санкциялар мерзімін алты айға талқылаусыз ұзартуы тиіс еді. Бірақ Брюссельдегі дипломаттар Италия санкцияны автоматты түрде ұзартуға қарсы болып, оны «күн тәртібіндегі маңызы төмен мәселе» деп санағаны туралы айтады деп хабарлады Reuters. Италияның ЕО-дағы миссиясының баспасөз хатшысы Рим бұл мәселені арнайы талқылауды сұрағанын мәлімдеді.
2014 жылдың шілдесінде ЕО Мәскеудің Қырым түбегін аннексиялап, Донбастағы сепаратистерге қолдау көрсеткені үшін АҚШ-пен бірге Ресейдің энергетика, банк және қорғаныс салаларына санкциялар салған. 2014 жылдың сәуірінен жалғасып келе жатқан Донбастағы қақтығыс салдарынан күні бүгінге дейін тоғыз мыңнан аса адам қаза тапқан.
Ресейге қарсы салынған санкциялар мерзімі қаңтардың соңында аяқталады.