Accessibility links

Жазушы Әбіш Кекілбаев дүние салды


Жазушы Әбіш Кекілбаев. (Сурет kekilbaev.kz сайтынан алынды.)
Жазушы Әбіш Кекілбаев. (Сурет kekilbaev.kz сайтынан алынды.)

Қазақстандық белгілі жазушы, саясаткер және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев 76 жасында өмірден өтті деп хабарлады бүгін ресми ақпарат құралдары.

Қазақ әдебиетінде 1960 жылдардан таныла бастаған Әбіш Кекілбаев «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» тарихи романдарын, «Күй», «Шыңырау», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты» әңгімелерін жазған.

Әбіш Кекілбаев СССР кезінде түрлі мемлекеттік қызметтер атқарып, «Қазақфильм» студиясында бас редактор, Қазақ ССР мәдениет министрі орынбасары, Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, Қазақстан компартиясы орталық аппаратында бөлім меңгерушісі болып істеген.

СССР құлап, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Кекілбаев Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланып, парламенттің мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы болды. Ол 1994-1995 жылдары 13-шақырылымдағы Жоғары кеңес төрағасы болып, ол таратылған соң 1995 жылы Қазақстан парламенті мәжілісі депутаты болып сайланды.

Кекілбаев 1996 жылы қазанда Қазақстан мемлекеттік хатшысы болып тағайындалып, 2002 жылы бұл қызметтен босатылып, президент жарлығымен парламент сенатының депутаты болып тағайындалды. Ол президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева 2004 жылы құрған «Асар» партиясының парламенттегі фракциясының мүшесі болды.

2009 жылы Әбіш Кекілбаевты президент Назарбаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттаған.

XS
SM
MD
LG