Ауғанстан қауіпсіздік күштері Кабул қаласында Испания елшілігі маңындағы қонақүйге жасалған шабуылға күдікті төрт адамның көзі жойылды деп хабарлады. Билік орындары шабуылға жеті адам қатысқанын, олардың бірнешеуі жараланғанын айтады.
Жұма күні Ауғанстан астанасында шабуыл жасағандар әуелі автокөліктегі минаны жарып, іле-шала пулеметтен оқ жаудырған. Оқиға салдарынан испаниялық полиция өкілі мен ауған полициясының төрт қызметкері мерт болған, бірнеше адам жараланған.
«Талибан» қозғалысы Кабулда болған шабуылға жауапкершілікті мойнына алатынын мәлімдеген.
Бұған дейін, 8 желтоқсан күні кешке «Талибан» содырлары Кандагардағы аэродромға шабуыл жасап, үкімет күштерімен атыста 50-ден аса адам қаза болған.