Accessibility links

Әбіш Кекілбаевты ақтық сапарға шығарып салды


Жазушы Әбіш Кекілбаевпен қоштасу рәсімі. Астана, 13 желтоқсан 2015 жыл.
Жазушы Әбіш Кекілбаевпен қоштасу рәсімі. Астана, 13 желтоқсан 2015 жыл.

Қазақстандық жазушы, саясаткер және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев бүгін Астана маңындағы ұлттық пантеонға жерленді.

Марқұмның жаназасы таңертең «Нұр Астана» мешітінде мұсылман салт-дәстүрі бойынша шығарылған соң, Астанадағы «Көрме» кешені ғимаратында онымен қоштасу рәсімі өтті. Оған жазушының жақын-туыстарымен бірге Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған кейбір депутаттар, үкімет мүшелері, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет қайраткерлері, әкімдер және қарапайым азаматтар қатысты.

Тоқаев қаралы шараға жиналған жұртшылық алдында жазушы Әбіш Кекілбаевтың қазасына байланысты марқұмның отбасына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту хатын оқып берді.

Әбіш Кекілбаев желтоқсанның 11-і күні 76 жасында өмірден өтті.

СССР кезінде Қазақ ССР мәдениет министрі орынбасары, Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, Қазақстан компартиясы орталық аппаратында бөлім меңгерушісі болып істеген Әбіш Кекілбаев 1994 жылы 13-шақырылымдағы Жоғары кеңес төрағасы болып, ол таратылған соң, 1995 жылы Қазақстан парламенті мәжілісі депутаты болып сайланған еді.

Президент жарлығымен 1996-2002 жылдар аралығында Қазақстан мемлекеттік хатшысы, кейін парламент сенатының депутаты болып тағайындалған Әбіш Кекілбаев 2009 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталған.

Жазушы Әбіш Кекілбаев «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» тарихи романдарының, «Күй», «Шыңырау», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты» және басқа әдеби шығармалардың авторы.

XS
SM
MD
LG