Accessibility links

АҚШ пен Ресей ИМ-ге қарсы қарарды бірге әзірлейді


БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің отырысы. (Көрнекі сурет.)
БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің отырысы. (Көрнекі сурет.)

АҚШ пен Ресей «Ислам мемлекеті» эктремистік тобының қаржы көздеріне қысымды күшейту мақсатында БҰҰ қауіпсіздік кеңесі қарарының жобасын бірге әзірлеп жатыр. АҚШ қаржы министрінің террор мәселелері және қаржы барлауы жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Адам Сцубиннің айтуынша, бұл құжат террорлық қызметті қаржыландыруды «түбегейлі заңсыз іс-әрекетке жатқызады» және 2001 жылғы 11 қыркүйектегі шабуылдардан соң «Әл-Қаида» террорлық ұйымына қатысты қабылданған қарар қазір әзірленіп жатқан құжатқа негіз етіп алынған.

Сцубиннің хабарлауынша, Сирия мен Ирактың ауқымды бөлігін бақылауда ұстап отырған «Ислам мемлекеті» тобы жыл сайын мұнай-газ сатудан 400 миллион долларға жуық ақша табады. АҚШ өкілінің айтуынша, қылмыстық топ қолбасшыларының біріне мамыр айында жүргізілген рейд барысында АҚШ әскери күштері экстремистік топ бақылауындағы мұнай және газ нысандарына әуе соққысын дәл бағыттауға мүмкіндік алған. Әуе соққысы мұнай ұңғымалары, жанармай тасушы көлік құралдары мен кішігірім мұнай өңдеуші зауыттарына жасалған.

БҰҰ қауіпсіздік кеңесі құрамына енетін елдердің қаржы министрлері бүгін қарар жобасын талқылау үшін кездеседі.

XS
SM
MD
LG