"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына ант берген содырлар Ауғанстанның шығысындағы Нангархар уәлаятында жаңа аймақтарды басып алды деген хабар тарады.
Азаттықтың Ауған редакциясының хабарлауынша, содырлардың шабуылы көптеген бейбіт тұрғындарды баспаналарын тастап қашуға мәжбүр еткен. Кейбір мәліметтер бойынша, ИМ содырлары Нангархарда қарулы қарсылыққа тап болмаған. Нангархар Кабул уәлаятымен шектеседі және Кабул қаласының өзінен қашық емес.
Бірнеше күн бұрын Ауғанстандағы АҚШ және НАТО күштерінің қолбасшысы Джон Кэмпбелл Ауғанстандағы ИМ-ге жақтас содырларға Сирия мен Ирактан "шетелдік содырлар" қосылып жатқанын мәлімдеген. Олар Нангархар уәлаятында ИМ-нің аймақтық базасын құруға тырысады.
Ауғанстан билігі соңғы уақытта эфирге шыға бастаған ИМ-нің "Халифат дауысы" радио станциясы қайдан хабар таратып тұрғанын анықтауға тырысып жатқанын айтады.