Ресейлік музыкант Борис Гребенщиков өзбек журналисі, Өзбекстанда 16 жылдан бері түрмеде отырған Мұхаммед Бекжанды босатуды көздейтін кампанияға қосылды.
Гребенщиков Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы жүргізіп жатқан кампания аясында Facebook-те Мұхаммед Бекжанның суретін ұстап тұрған фотосын жариялады. Екі аптаға созылып, кеше аяқталған кампанияға ондаған мың адам қатысты. Олар Өзбекстан президенті Ислам Каримовке Мұхаммед Бекжанды босатуға шақырған хат пен электронды хабар жіберді.
61 жастағы Мұхаммед Бекжан - оппозициялық "Өзбекстан халықтық қозғалысы" ұйымының жетекшісі Мұхаммед Салихтың інісі. Қамалғанға дейін Мұхаммед Бекжан "Эрк" газетін басқарған. 1999 жылы өзбек арнайы қызметі Бекжанды Киевтен Ташкентке әкелген. Өзбекстанда ол 1999 жылы ақпанда Ташкентте болған жарылыстарды ұйымдастыруға қатысы бар айыппен 15 жылға сотталған.
2012 жылы Мұхаммед Бекжанның жаза мерзімі "түрме басшылығының талаптарына бағынбады" деген сылтаумен төрт жыл сегіз айға ұзарған.