Ресей президентінің үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттарының көпшілігін Орыс православие шіркеуі мен еуразияшыл ұйымдар иеленген. Бұл туралы экономикалық және саяси реформалар жөніндегі орталық баяндамасына сілтеме жасаған РБК агенттігі хабарлады.
Сарапшылардың бағалауынша, 2013 жылдан бастап мемлекеттік саясатты қолдайтын православиелік жобаларға 256 миллион рубль бөлінген.
Еуразияшылдықты насихаттайтын "Еуразия жастар одағы", Еуразиялық зерттеулер орталығы, "Еуразиялық ынтымақтастықты дамыту" қоры сияқты үкіметтік емес ұйымдар да гранттар алған. Үш жылда бұл ұйымдарға 90 миллион рубльден астам қаржы бөлінген.