Accessibility links

Сот протестанттың ісін қайта тергеуді бұйырды


Пастор Ықылас Қабдуақасов (бергі шетте отырған) сотта отыр. Астана, 22 желтоқсан 2015 жыл.
Пастор Ықылас Қабдуақасов (бергі шетте отырған) сотта отыр. Астана, 22 желтоқсан 2015 жыл.

Астана қалалық сотында бүгін "Жетінші күн адвентистері" шіркеуінің мүшесі, "діни алауыздық тудырды" деген айыппен 7 жылға бас бостандығы шектелген Ықылас Қабдуақасовтың апелляциялық шағымы қарала бастады. Сотта Қабдуақасовтың шағымымен бірге мемлекеттік айыптаушы - прокурордың Қабдуақасовқа кесілген жазамен келіспей, оны 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған шағымы да қарала бастады.

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, Қабдуақасовтың адвокаты Гүлмира Шалдықова Сарыарқа аудандық 2-сотының үкіміне қарсылық білдіріп, Қабдуақасовты ақтау туралы шағым түсірген және сот материалдарындағы пасторды "діни алауыздық тудырды" деп айыптауға дәлел ретінде ұсынылған бірнеше аудио таспаны қайта тыңдауды сұраған.

Прокурор К.Қамалбек адвокаттың өтінішіне қарсылық білдірсе де судья "сот тергеуін қайта қозғауға" қаулы етіп, аудио таспаны қайта тыңдау шығуды ұйғарды.

Сарыарқа аудандық 2-соты қарашаның 9-ы күні Қабдуақасовты «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, қауымдық немесе діни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабы (бұрынғы кодексте – 164-бап) бойынша айыпты деп танып, бас бостандығын жеті жылға шектеген.

Тергеу материалы бойынша, Ықылас Қабдуақасов 2014 жылдың қарашасы мен 2015 жылдың тамызы аралығында Астанада жалға алған пәтерлерде Еуразия университеті студенттеріне дәріс оқыған кезде «діни алауыздық тудыратын» пікір айтқан. Ол биыл тамыздың 14-і күні ҰҚК-нің Астана қаласындағы тергеу абақтысына қамалған. Ықылас Қабдуақасов өзіне таққан айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG