Accessibility links

ЕҚЫҰ Балгин мен Байдалинованы босатуға шақырды


Журналист Гузал Байдалинованы Алмалы аудандық сотына қолына кісен салып әкелді. Алматы, 26 желтоқсан 2015 жыл.
Журналист Гузал Байдалинованы Алмалы аудандық сотына қолына кісен салып әкелді. Алматы, 26 желтоқсан 2015 жыл.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович Алматыда екі журналист – Рафаэль Балгин мен Гузал Байдалинованың ұсталуы Қазақстанда баспасөз еркіндігіне тікелей қатер төндіреді деп санайды. Бұл туралы ол бүгін Венада мәлімдеген.

«Баспасөз өкілдерін айтып, жазғандары үшін қамауға алуға көнуге болмайды. Бұл журналистер дереу босатылуы тиіс» делінген ЕҚЫҰ өкілі мәлімдемесінде.

Оппозициялық Nakanune.kz сайтының журналисі Рафаэль Балгин 18 желтоқсанда ұсталып, сот оны тергеу кезінде үш ай қамауда ұстауға шешім шығарған. Оппозициялық Nakanune.kz сайты редакторы Гузал Байдалинова сайтқа «тапсырыс бойынша» материал әзірлеп, жариялауға қатысы бар деген күдікпен 23 желтоқсанда үш тәулікке ұсталған. Алматы соты Байдалиноваға қатысты шешімін бүгін жариялауы тиіс.

Биыл мамыр айында Алматының Медеу аудандық соты Nakanune.kz сайты үстінен шағымданған «Казкоммерцбанктің» талап арызын қанағаттандырып, сайтты банкке 20 миллион теңге төлеуге міндеттеген. Nakanune.kz сайтына қарсы ендігі іс-әрекеттер осыған дейін сот шешімі бойынша сайттан алынып тасталған мақалаға қатысты жасалынып жатыр.

ЕҚЫҰ 25 қыркүйектегі мәлімдемесінде Қазақстанда баспасөз құралдарына қарсы шамадан тыс ауыр шаралар қолданылады деп сынаған болатын.

XS
SM
MD
LG