«Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы жетекшісі Абубакр әл-Бағдадидің мәлімдемесі деген атаумен интернетте жарияланған аудиотаспада: «Енді бізге қарсы кресшілер ғана емес – бүкіл әлем күресіп жатыр» делінген.
Мәлімдеме авторы сонымен бірге Израильге қоқан-лоқы көрсетіп, өз адамдары «көп ұзамай Палестинада ислам мемлекетін құратыны» жайлы айтқан.
Сонымен бірге ол 15 желтоқсанда 34 елдің қатысуымен ИМ тобына қарсы коалиция құрылатынын жариялаған Сауд Арабиясындағы тұрғындарды көтеріліс жасауға шақырған.
Бағдади сөзінің кейбір тұстарына қарап, бұл үнтаспа Сирияда ресейлік ұшақтар әуе шабуылдарын бастаған соң іле-шала жасалғанға ұқсайды деп топшылайды израильдік «Хаарец» басылымы. Мысалы, мәлімдемеде ресейлік және америкалық ұшақтардың әуе соққылары ИМ тобын әлсірете алған жоқ, қайта керісінше, оны күшейтті деп айтылған.
Бұл соңғы жеті айдан бері Бағдадидің атынан тарап отырған алғашқы аудиомәлімдеме.
Бұған дейін тараған кейбір мәліметтерде қазан айында Ирак әуе күштері соққысы салдарынан әл-Бағдадидің ауыр жараланғаны туралы айтылған еді. Оның алдында бірнеше рет әл-Бағдадидің қаза тапқаны туралы жалған хабарлар тараған.
Сирияда АҚШ пен батыс елдері қолдайтын көтерілісшілердің бірлескен тобы ИМ содырларының негізгі орталығы – Ракка қаласы маңындағы су бөгетін өз бақылауына алған.
Ал Иракта үкімет күштері Рамади қаласында ИМ ұстап тұрған соңғы ауданға сыналай еніп барады. Егер үкімет әскері Рамадиді толық қайтара алса, онда бұл ИМ содырлары елдің үштен бір бөлігін жаулап алған 2014 жылдан бергі кезеңде оларға қарсы соғыстағы маңызды жеңістердің бірі болмақ.