Accessibility links

Екі облыста ауа-райынан төтенше жағдай жарияланды


Өскемендегі қалың жауған қарды аршу жұмысы. Ақпан, 2013 жыл. (Көрнекі сурет).
Өскемендегі қалың жауған қарды аршу жұмысы. Ақпан, 2013 жыл. (Көрнекі сурет).

Қар қалың жауып, бұрқасын тұрып, жолдың көрінуі нашарлағандықтан Қарағанды, Жамбыл облысының кей аудандарында төтенше жағдай жарияланды.

Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің 30 желтоқсанда хабарлауынша, Қарағанды облысының Абай, Бұқар жырау, Шет және Осакаров аудандарында, Жамбыл облысының Жуалы ауданында жергілікті масштабтағы төтенше жағдай жарияланған. Кеше Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында тоғыз ауылдық округте төтенше жағдай жарияланғаны хабарланған.

Комитет 25 желтоқсаннан бері Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында қалың қар құрсауынан 526 адам мен 881 көлік шығарылып, 2273 адам эвакуацияланғанын айтады.

Бұған қоса қарлы боран мен жолдың нашар көрінуінен Шығыс Қазақстанда Өскемен мен Шемонаиха арасын жалғайтын және Ресей шекарасына апаратын жолдың 108-123 километрі аралығы, Қарағанды-Аягөз-Бұғаз жолының 700-900 километрі аралығы, Алматы-Өскемен жолының 977-1068 километрі аралығында барлық көлік түрлерінің жүруіне шектеу қойылған.

Қарағанды облысында Қарағанды-Балқаш жолында, Қостанай облысында Арқалық-Торғай жолының 0-98 километрі аралығында, Жамбыл облысында Бауыржан Момышұлы-Қошқарата жолының 10-67 километрі аралығында барлық көлік түрлерінің жүруіне шектеу енгізілген.

XS
SM
MD
LG