Accessibility links

Сауд Арабиясы Иранмен әуе және сауда қатынасын тоқтатты


Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Адель әл-Жубейр.
Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Адель әл-Жубейр.

Сауд Арабиясы Иранмен әуе және сауда қатынастарын тоқтатып, Тегераннан дипломатиялық байланысты қалпына келтіру үшін "қалыпты елге айналуды" талап етті.

Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Адель әл-Жубейр Reuters-ке берген сұхбатында "сенбі күні Сауд Арабиясы шииттердің діни тұлғасы Нимр әл-Нимрді терроризм айыбымен өлім жазасын кескен соң басталған шиеленіске Тегеран жауапты" деп мәлімдеді.

Министрдің сөзіне қарағанда,Сауд Арабиясы "Иран агрессиясына" жауап береді. Ол Тегеранды "Сауд Арабиясына және Парсы шығанағындағы елдерге содырлар жіберді, терактілер ұйымдастырды" деп айыптады.

Адель әл-Жубейр "Сауд Арабиясының қақтығысты ушықтыруға ынтасы жоқ" екенін айтты. "Біз Иран саясатына жауап ретінде ғана әрекет етіп жатырмыз" деді ол. Жубейр "Ирандықтар Ливанға кірді. Олар Сирияға Құдс жасағы және Ислам революциясы сақшыларын жіберіп отыр" деді. Алайда министр "Иран азаматтарына қажылық кезінде Мекке мен Мәдинаға келуге тыйым салынбайтынын" мәлімдеді.

Сауд Арабиясы Тегерандағы елшілігі мен консулдығына шабуыл жасалғаннан кейін Иранмен дипломатиялық байланысын үзді. Эр-Рияд шиит діни тұлғасы Нимр әл-Нимрді өткен сенбі күні өлім жазасына кескен еді. Ирандағы наразылықтар осыған байланысты басталған. 3 қаңтар күні Сауд Арабиясы аумағындағы Иран дипломаттарына елді тастап шығуға 48 сағат берген.

Сауд Арабиясының елшілігіне жасалған шабуылдан кейін, 9 қаңтар күні Эр-Рияд Тегерандағы дипломаттарын елге шақырып алған. Сауд Арабиясы Иранмен байланысын үзгеннен кейін Парсы шығанағы елдерінен Иранға қарсы коалиция құра бастады. Бұдан бұрын Иранмен дипломатиялық байланысын Судан мен Бахрейн үзген.

АҚШ Таяу Шығыс елдері басшыларын жағдайды ушықтырмауға шақырды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Тегеран мен Эр-Рияд арасындағы шиеленісті шешу мәселесін телефон арқылы Иран сыртқы істер министрі Жавад Зарифпен және Сауд Арабиясы басшыларымен талқылады.

XS
SM
MD
LG