Accessibility links

Мәмбеталин-Нарымбаев ісі: Сотқа прокурорды шақыртпады


Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин сотта тұр. Алматы, 11 қаңтар 2016 жыл.
Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин сотта тұр. Алматы, 11 қаңтар 2016 жыл.

Алматыда "алауыздық тудырды" деген айыппен сотталып жатқан азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың сотқа процеске қатысы бар прокурор Андрей Азбельді шақырту өтініші қанағаттандырылмады.

Алмалы аудандық сотының судьясы Марал Жарылғасова бүгін белсенділердің Азбельді куәгер ретінде шақырту туралы өтінішін кері қайтарды. Сотталушылар өздеріне тағылған "алауыздық тудыру" айыбын "алдын ала сөз байласу арқылы арқылы" жасады деп тапқан айыптау актісіне Азбель қол қойғандықтан оны сотқа шақыртуды талап еткен.

Өткен аптада сотта куәгер ретінде жауап берген тергеуші Алексей Чапурин тергеу кезінде өздерінің "алауыздық тудыру" әрекетін "алдын ала сөз байласу арқылы" жасағанын дәлелдей алмағанын айтқан.

Судья Азбельді сотқа шақырту туралы өтінішті сотқа қатысып отырған прокурордың айыпты қолдайтынын айтып, Азбельді шақыртудың қажеті жоғын мәлімдеген соң қанағаттандырудан бас тартқан.

Бүгінгі сотта қалалық ішкі істер департаментінің жедел уәкілі Жандос Дүйсебаевтан жауап алынды. Ол полицияға "тіл тигізетін жазбалар туралы анонимді қоңыраудан" түскен соң Мәмбеталин мен Нарымбаевтың жазбаларында "алауыздық тудыру" белгілері бары туралы рапорт жазған. Айыпталушылар мен олардың қорғаушылары Дүйсебаевтан оның не себепті анонимді қоңыраудан соң Мәмбеталин мен Нарымбаевтың Facebook-тегі жазбаларына шыққанын білмек болған. Белсенділер Дүйсебаев "Мәмбеталин" және "Нарымбаев" деген фамилиялар бойынша материалдарды әдейі іздегенін мәлімдеген. Жедел уәкіл интернеттен кілт сөз бойынша іздегенін айтқанымен, нақты қандай сөзбен іздегенін айта алмады.

Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев былтыр қазан айында қамауға алынған. Оларға Facebook желісінде «Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының жетекшісі» Мұрат Телібеков жазды деп сипатталатын жарияланбаған "Ветер с улицы" кітабынан үзінді келтірді деген айып тағылған. Ресми айыптауға қарағанда, «үзінді мәтіні ұлтаралық араздық тудыруға себеп болуы мүмкін». Белсенділер айыпты мойындамайды.

XS
SM
MD
LG