Украина шығысында соғысып жатқан тараптардың өкілдері әлсіз бітімді сақтауға күш салуға тағы уағдаласты.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Донбастағы қақтығысты реттеу бойынша өкілі Мартин Сайдик бұл жайында Минскіде үш жақты байланыс тобының кездесуінен соң хабарлады. Оның сөзінше, тараптар, әскери іс-қимылды толықтай тоқтатуға келісіп, тұтқындармен алмасуды талқылаған.
Минскідегі кездесуге Ресей атынан мемлекеттік думаның бұрынғы спикері Борис Грызлов қатысқан. Ресей президенті жанындағы қауіпсіздік кеңесінің мүшесі Грызлов келіссөздегі Ресейдің бұған дейінгі өкілі Михаил Зурабовтан әлдеқайда салмақты саналады.
Кейбір сарапшылар Грызловтың тағайындалуын Кремльдің келіссөзді жеделдеткісі келгенін білдіреді дейді.