Түркияның оңтүстік-шығысындағы Диярбакыр провинциясында полиция бөлімшесінде болған жарылыстан бес адам қаза тауып, 36 адам жараланды. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, Синар ауданында болған жарылысты бөлімшеге бомба тиелген көлікті айдап апарған жанкешті жасаған. Бомба полиция ғиаратына кіре берісте жарылған. Жарылыстан сол маңдағы ғимараттар да бүлінген.
Жарылыстан қаза тапқандар арасында бір әйел мен бала бар. Құтқарушылар жарылыс орнындағы қирандылар астында қалып кетуі мүмкін адамдарды іздеп жатыр.
Жарылысқа жауапкершілікті әзірге ешкім мойнына алған жоқ.
Бірақ Түркия билігі жарылысты Күрд провинциясында белсенді әрекет ететін Күрдістан жұмысшы партиясынан (КЖП) көріп отыр. Диярбакырда соңғы айларда КЖП жасақтары мен түрік әскері арасында қақтығыстар болған.