Accessibility links

Пан Ги Мун: Сирияда аштық соғыс құралы болып отыр


БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун.
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Сириядағы соғысушы тараптарды, әсіресе Сирия үкіметі әскерін бейбіт тұрғындарға "адамшылыққа жат" қарады деп қатаң сынады. 14 қаңтарда таратқан мәлімдемесінде Пан Ги Мун қоршауға алынған қалаларда қолдан аштық ұйымдастыруды "әскери қылмыс" деп атады.

"Аштықты соғыс құралы ретінде пайдалану дегеніміз - әскери қылмыс. Одан да бейбіт тұрғындарды кепілге алған әлдеқайда жеңілге түсер еді, себебі кепілге алынғандарды тамақтандырады ғой. Мадайя қаласындағы аштыққа ұшыраған адамдардың қорқынышты кейпі - соғыс кезіндегі адамгершіліктен жұрдай болудың тоқтамай отырғанын көрсетеді" деді БҰҰ бас хатшысы.

11 қаңтар күні үкімет әскері қоршауға алған Мадайя қаласына және Идлиб провинциясындағы көтерілісшілер қоршауындағы шииттер тұратын екі қаласына бірнеше айдан бері алғаш рет азық-түлік жеткізілген. 14 қаңтарда қосымша тағы азық-түлік жеткізілген.

"Бүгіндері Сирияда қоршауда қалған тұрғындардың бір пайызына жепейтін бөлігіне ғана азық-түлік жеткізіліп жатыр" деді Пан Ги Мун.

Франция, Ұлыбритания және АҚШ-тың талап етуімен бүгін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді. Онда қоршаудағы қалаларда қалып қойған 400 мыңға тарта сириялықтың жай-күйіне арналған бяндама жасалады. 400 мыңға тарта тұрғынның 200 мыңы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы бақылайтын аймақтарда, 180 мыңы үкімет күштері бақылайтын аймақтарда, қалғаны оппозиция қолындағы елді мекендерде қалған.

XS
SM
MD
LG