Қаңтардың 15-і күні Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-сотында "алауыздық тудырды" деп айыпталған қоғам белсендісі Болатбек Біләловке қатысты сот процесінде қорғаушылар істі жүргізіп жатқан судья Назгүл Бапақоваға қарсылық танытты.
Мұның алдында Біләловтің адвокаты Аманжол Мұхамедияров айыпталушыға кінә таққан сот-психологиялық, саяси, филологиялық, философиялық сараптама қортындысына қайтадан сараптама жүргізуге өтініш берді. Мемлекеттік айыптаушылар «бұл өтінішке ешқандай негіз жоқтығын» айтты. Кеңесу бөліміне шыққан судья Назгүл Бапақова айыпталушының қорғаушылары жасаған «сараптама қортындысын қайта өткізу» өтінішін қанағаттандырмады. Осыдан кейін Болатбек Біләловтің ағасы және осы істегі қорғаушысы Қанат Біләлов судья Бапақованың «үш күннен бері істі асықтырып, үзіліссіз жүргізіп, қорғаушыларға ақылдасуға мүмкіндік бермей жатқанын», «айыптауға негіз болатын пайым шығарған сарапшылардың сот отырысына қатыспағанын», судьяның "істі бір жақты қарастырып отырғанын» айтып, қарсылық танытты. Осы сәтте залдағы сот отырысына келген жүз қаралы кісі «отвод», «отвод» деп айғайлап тұрып алды. Судья кеңесу бөліміне шығып кеткен соң, сот өкілі «судьяны құрметтемей, айғайлағандары үшін» сотқа келгендердің залдан шығып кетуін сұрады. Бірақ, сотқа келгендер орындарынан тұрмай қойды.
Жарты сағаттық үзілістен кейін сотқа келген Сарыарқа аудандық сотының судьясы Виктория Семенова Болатбек Біләловтің қорғаушысы берген қарсылықты қарап, оны қанағаттандырудан бас тартты. Семенова сот отырысын одан әрі судья Назгүл Бапақова жүргізе беретінін мәлімдеді.
Болатбек Біләловтің туған ағасы, сот ісіне қорғаушы ретінде қатысып жатқан Қанат Біләлов бұған дейін 13 қаңтардағы алғашқы сот отырысында судья Назгүл Бапақоваға қарсылық танытқан болатын.
Болатбек Біләлов Youtube әлеуметтік желісінде тараған видео сұхбаттарында «араздық тудыратын пікірлері» бойынша, қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-тармағымен «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздық қоздырды» деп айыпталып отырғанын мәлімдеді.
Айыптау қортындысында Біләловтің «жанжалдарға билікті кінәлі еткен», Ресейдің Украинаға қатысты жүргізіп жатқан саясатындағы «орыс фашизміне» қатысты пікірлері келтірілген.
«Демократия және адам құқығы институты» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, қоғам белсендісі Болатбек Біләлов 2015 жылдың қарашасында тұтқындалған. Болатбек Біләловті екі айға қамауға алу туралы қаулыны Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-соты 11 қарашада шығарған. Оған «араздық тудыру» айыбы тағылған. Тергеушілердің пікірінше, белсенді бұл әрекетті «бұқаралық ақпарат құралдары алдында, көпшілікке жария түрде жасаған».