Accessibility links

Сұлтанов: Ұлттық қор қаржысын тауысу қаупі жоқ


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Астанада өткен брифингте ұлттық қор қаржысын "тауысу белгілері мен қаупі жоғын" мәлімдеді. "Ұлттық қор қаржысын басқарудың нақты концепциясы бар. Біз белгілі бір шектеулер мен лимиттерді қатаң ұстанамыз" деді Сұлтанов.

14 қаңтарда "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы пиезидиумының төрағасы, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев палата мүшелерімен кездесуде Қазақстан алтын-валюта қорын үш жылда жұмсап тастауы мүмкін екенін мәлімдеген.

Осы аптада батыстық басылымдарда жарияланған сұхбатында Ұлттық банк жанынжағы "Ұлттық инвестициялық корпорациясының" басшысы Берік Өтемұрат Қазақстанның ұлттық қордағы активтері ашық емес деген сарында сұхбат берген. Ол сұхбатында мұнай бағасы арзандай берсе ұлттық қорда жиналған 64 миллиард доллар алты-жеті жылда таусылатынын айтқан. Бұл сұхбаттан соң Өтемұраттың қызметінен босатылғаны хабарланған.

Кеше ұлттық банк ұлттық қор активтері бір жылда 9,7 миллиард долларға (13 пайыз) азайғанын хабарлаған.

Ұлттық қор 2000 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен құрылған. Ұлттық қорда Қазақстанның шикізат сатудан түскен қаржы жиналады.

XS
SM
MD
LG