Accessibility links

Нарымбаевты ауруханаға жатқызудан бас тартты


Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев сотта отыр. Алматы, 15 қаңтар 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев сотта отыр. Алматы, 15 қаңтар 2016 жыл.

Алматыда соты өтіп жатқан азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевты ауруханаға жатқызудан бас тартты. "Алауыздық тудырды" деп айыпталған Нарымбаевты бүгін түске дейін Алмалы аудандық сотынан кардиологиялық орталыққа әкеткен. Орталықта оны тексеріп, қан қысымын түсіретін дәрі ғана салып, ауруханаға жатқызудан бас тартты.

Түстен кейін оны сотқа қайта әкелді. Бірақ Нарымбаев денсаулығына байланысты сот залына өз бетімен көтеріле алмады.

Судья Марал Жарылғасова отырысты 18 қаңтар күні таңертеңге қалдырды. Нарымбаевтың сыртынан ол кардиологиялық орталықтың Нарымбаевқа жазған анықтама қағазын оқыды. Онда Нарымбаевты ауруханаға жатқызуға "негіз жоғы", бірақ қан қысымы тұрақтамайынша өзіне артық жүктеме алмай, сот отырысына қатыспауы қажеті айтылған. Дәрігерлер Нарымбаевқа "тұрғылықты жері бойынша дәрігер бақылауында болуды" ұсынған.

Ермек Нарымбаевты осымен үшінші рет соттан ауруханаға әкетті. Бұған дейін оны 28 желтоқсанда және 6 қаңтарда жедел жәрдеммен әкеткен.

Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев былтыр қазан айында қамауға алынған. Оларға Facebook желісінде «Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының жетекшісі» Мұрат Телібеков жазды деп сипатталатын жарияланбаған "Ветер с улицы" кітабынан үзінді келтірді деген айып тағылған. Ресми айыптауға қарағанда, «үзінді мәтіні ұлтаралық араздық тудыруға себеп болуы мүмкін». Белсенділер айыпты мойындамайды.

XS
SM
MD
LG