Жұма күні Нью-Йорк биржасында АҚШ-та өндірілетін WTI маркалы мұнай бағасы бұрынғыдан 6 пайызға жуық кеміп, бір баррелі 29 доллар 42 центке түссе, Brent маркалы мұнай алты пайыздан артыққа арзандап, оның баррелінің бағасы 28 доллар 96 центті құрады.
Мұнай бағасының кезекті рет күрт арзандауы, Қытай қор биржасындағы индекстердің құлауы, АҚШ-та сатып алу белсенділігі мен өндіріс өсімінің бәсеңдегені туралы деректер Уолл-стиртті әбігерге салды. Нью-Йорк қор биржасындағы негізгі индекстер екі пайыздан астамға құлдырады. Америкалық ең ірі отыз компанияның құнын бағалайтын Dow Jones индексі 391 пунктке төмендеп, былтырғы тамыз айындағы деңгейіне түсті. NASDAQ индексі жұма күні 3 пайызға жуық, ал жыл басынан бері – 10 пайызға кеміген.
АҚШ басылымдарында талдаушылар осы кезге дейін санкциялар зардабын тартып келген Иран енді өз мұнайын саудаға шығарғалы отырғандықтан, жақын болашақта мұнай бағасы ары қарай да арзандай беруі ықтимал деген болжам жасайды. Акциялар бағасының құлдырауы АҚШ пен әлемдегі экономикалық өсім болашағына инвесторлардың көңілі күпті болып отырғанын білдіреді дейді мамандар.