Accessibility links

Венесуэла төтенше экономикалық жағдай жариялады


Венесуэла президенті Николас Мадуро.
Венесуэла президенті Николас Мадуро.

Венесуэла үкіметі елде дағдарысқа қарсы шара ретінде екі ай мерзімге төтенше экономикалық жағдай енгізілетіні туралы мәлімдеді. Оған сәйкес, ел президенті Николас Мадуроның өкілеттігі кеңейіп, оған маңызды мәселелерге қатысты шешімдерді өз жарлығымен қабылдауға құқық беріледі.

Төтенше экономикалық жағдай енгізілуіне байланысты елде салық мөлшері ұлғайып, бизнес және өнеркәсіптік өндіріс саласына мемлекеттік бақылау қатаңдатылмақ.

Мадуро жетекшілік ететін Венесуэланың біріккен социалистік партиясы былтыр желтоқсанда өткен парламент сайлауында оппозициядан жеңіліп қалған еді. Мадуро атқарған жұмысы туралы парламент алдында есеп беруге бірнеше сағат қалғанда төтенше экономикалық жағдай туралы жарлық жарияланды.

Венесуэла әлемде барлау жүргізіліп, көлемі анықталған ірі мұнай қорына иелік етеді. Соңғы бір жарым жылда мұнай бағасының арзандауы салдарынан мемлекеттің осы шикізат экспортынан алатын түсімі 60 пайызға дейін кеміген. Әдетте Венесуэланың валюталық кірісінің 95 пайызы мұнай экспортынан түсетін.

Қазір ел дағдарыс зардабын тартып жатыр. Былтыр инфляция 120 пайыздан асқан болса, биыл ол көрсеткіш 140 пайызға жетеді деп хабарлайды ВВС Венесуэла парламентіндегі дереккөзіне сілтеме жасап.

XS
SM
MD
LG