Иран орталық банкі басшысы Валиолах Сейф санкциялар алынып тасталған соң Тегеранның 32 миллиар доллар активтерін қайтарып алатынын мәлімдеді. Сейфтің мәлімдемесін берген Иран мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, халықаралық санкциялар кесірінен шетелде бұғатталған қаржының 28 миллиард доллары 19 қаңтар күні елдің орталық банкіне түседі.
Сейфтің сөзінше, тағы 4 миллиард доллар «мемлекет қазынасына берілмек».
2015 жылы 15 шілдеде Иран мен әлемдік «алтылықтың» Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзі нәтижелі аяқталып, тараптар келісім жасасқан еді. Оған сәйкес, Иран өз аумағындағы ядролық нысандарға Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) тексерушілерін жіберуге, ал Батыс елдері Иранға салынған санкцияларды біртіндеп алып тастауға міндеттеме алған.
МАГАТЭ 16 қаңтарда Иран үкіметі ядролық бағдарламасына қатысты мойнына алған халықаралық міндеттемелерді орындағаны туралы жариялаған.