Цюрихте бүгін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри кездеседі. Олар Сирия, Украина, Иран мен Корея түбегіндегі жағдайды талқылайды.
ТАСС агенттігінің Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богдановқа сілтеме жасап хабарлауынша, Лавров пен Керри Ресей мен АҚШ-тың екі жақты қарым-қатынасы туралы да кеңеспек.
25 қаңтар күні Женевада Сириядағы қақтығысушы тараптар арасында бейбіт келіссөз басталатындықтан, Лавров-Керри кездесуінде басты назар Сирия мәселесіне ауғалы тұр.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қабылдаған қарар бойынша, келіссөз басталған соң алты ай ішінде Сирияда уақытша үкімет құрылып, жаңа конституция жобасын дайындау басталуы тиіс. Жаңа конституция қабылданған соң ол бойынша 18 ай ішінде "еркін әрі әділ сайлау" өтуі тиіс. Қарарда бұған қоса, Сирия үкіметі мен оппозиция саяси өзгерістерді бастаған соң қақтығысты тоқтату да қарастырылған.