Accessibility links

Нарымбаев - 3 жылға, Мәмбеталин 2 жылға сотталды


Азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин сотта тұр. Алматы, 11 қаңтар 2016 жыл.
Азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин сотта тұр. Алматы, 11 қаңтар 2016 жыл.

"Алауыздық тудырды" деп айыпталған азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин тиісінше 3 және 2 жылға сотталды.

Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин бүгін Алматының Алмалы аудандық сотында соңғы сөзін айтқан. Нарымбаев судьяны "ағат пікір ұстанды" деп айыптап, тергеуде өзінің іс-әрекетінде қылмыс белгісі болғанын дәлелдей алмағанын, сот "айыптау мәнерінде" өткенін мәлімдеген.

Нарымбаевтың сөзінше, негізгі куәгерлер, оның ішінде өзіне және өзімен бірге сотталып жатқан Серікжан Мәмбеталинге қарсы істе аты аталатын Гүлбаһрам Жүністен жауап алынбады. Нарымбаев пен Мәмбеталинді әлеуметтік желіде авторы Мұрат Телібеков делінетін кітаптан үзінді келтіргені үшін соттады.

Тараптардың жарыссөзінде Ермек Нарымбаев сөйлеген жоқ. Ол денсаулығына байланысты сотта орындықта жатты. Дәрігерлер сот басталар кезде оның сотқа қатыса алатынын айтып, көмектесіп тұрды. 18 қаңтардан бері судан басқа ешнәрсе ішпей, аштық жариялап жатқщан Нарымбаев жарыссөзге қатысқысы келген. Бірақ судья жарыссөз аяқталғанын, соңғы сөз берілгенде сөйлейтінін айтып, оған сөз беруден бас тартқан.

Мәмбеталин соңғы сөзінде өкінбейтінін және айыбын мойындамайтынын, "тек туыс-туғандарынан бейнет көрсеткені үшін кешірім сұрайтынын" айтты.

Жарыссөз кезінде прокурор соттан Нарымбаевты бес жылға, Мәмбеталинді төрт жылға соттауды сұраған. Прокурор сотталушылар іс-әрекетінде "алдын ала сөз байласқаны" дәлелденбегенін айтып, тағылған айыпты 174-баптың 2-тармағынан 1-тармағына ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру") ауыстыруды сұрады.

Мәмбеталин жарыссөзде істің "саяси астары барын" мәлімдеген.

Адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары Мәмбеталин мен Нарымбаев қылмыс жасамағанын айтып, соттан оларды босатуды сұраған.

XS
SM
MD
LG